Біздің балабақшада ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алуына, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастыруына, яғни ойын арқылы бала білім алуына жағдайлар жасалған.
Ойын арқылы оқыту- балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ал білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары, т.б. көптеген ерекшеліктері болады.
Ойын – балалардың негізгі іс – әрекетінің бір түрі. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы байқалады.) Түрлі психологиялық сезім әрекетіне сүңгиді. Ойын үстінде бала бейнебір өмірдің өзіндегіндей қуаныш пен реніш сезімінде болады.
Балаға таңдалған білім баланың ақылына лайықтап, талабын шабыттандыратындай, ойын оятарлық іскерлігін дамытарлықтай, бастаған істің нәтижесіне жетуге тырысарлықтай нәрлі болуы керек.
Халық өзінің қоршаған дүниенің қыры мен сыры егжей-тегжейлі білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре білуді көздеген. Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ емес. Мектепалды даярлық тобында балаларға ойын арқылы сабақтың сапасын арттыруға толық мүмкіншілік бар.
Ойын арқылы бала түрлі логикалық жаттығуларды орындауға төселеді. Бұл жөнінде белгілі психолог – ғалым А.А. Люблинская «Зейін баланың белсенді әрекетінде туындап қана қоймай, олардың жақсы ұйымдастырылған іс – әрекетінде. Бәрінен бұрын олардың ой еңбегінде де қолдау табатынын айтады».
Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір – бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді.
Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге,ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады.
Ойындарды қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру сабағында пайдалану балалардың алған білімін күнделікті өмірімен ұштастыруға қолайлы. Ойын сабақтың мазмұнын байыта балалардың қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі. «Санамақ», «Он саусақ» өлеңдерін жаттатып, мазмұнын түсіндіру арқылы балалардың тілін ұстартып, логикалық ой – жүйелерін қалыптастыруға болады. Балалардың белсенділігін арттыра түсу мақсатында әрбір сабақты түрлендіріп өткізу орынды.
Ойындарды үнемі пайдалану арқылы балалардың ауызша есептеуге жаттығуына логикалық ой-жүйелерін жетілдіруге, түсінуге толық мүмкіншілік бар. Олардың қатарына халық ойындарын жатқызуға болады. Атап айтқанда, «Қай қолымда?», «Қанша тұяқ?», «Неше жапырақ?» т.б.
Ойын арқылы оқыту баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. Сонымен қатар, ойын – тынысы кең, ойдан-ойға жетелейтін қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
https://inzhigul-akt.kz/kz/mektepke-dejingi-zdik-jym-2022/ojyn-ar-yly-o-ytu-bizdi-t-zhiribe.html#sigFreeIda543bbeb4b






