Бүгін «BILIM QAZYNA» мемлекеттік мекемесі Ақтөбе қаласындағы "Інжугүл" бөбек-жай балабақшасында қалалық білім бөлімінің қолдауымен микротоптар арасында асық атудан қалалық турнирге іріктеу сайысын өткізді. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер арасында асық ату ойынын насихаттау және дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі додаға 7 балабақшаның ойыншылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Сайысты Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының атқарушы директоры Мусағали Тасқалиев өзінің құттықтау сөзімен ашып, асық спортының болашақ жұлдыздарына сәттілік тіледі. Асық атудан республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпаз-жүлдегері, спорт төрешісі Нұрлан Байниязовтың әділқазылық етуімен өткен сайыс қызықты да, тартысқа толы болды.
Сайыс қорытындысында өздерінің мергендіктерін көрсеткен №18 «Гауһар» балабақшасының өрендері бас жүлдені қанжығаға байлады. Шеберліктерін паш еткен №2 «Бұлбұл» балабақшасының командасы бірінші орынға ие болса, екінші сатыдан №20 «Дидар» балабақшасының ойыншылары көрінді. Үздік үштікті №35 «Балбұлақ» балабақшасының асықшылары түйіндеді.
Сонымен қатар №12 «Інжугүл» балабақшасы «Алтын сақа», №52 «Құлагер» балабақшасы «Алшы шебері» және №9 «Бәйшешек» балабақшасы «Мерген қол» номинацияларын иеленді.
Осылайша қазақтың ұлттық ойыны балабақшада ұлықталып, бас жүлде иегері «Гауһар» балабақшасының кішкентай асықшылары 25 қараша күні өтетін қалалық кезеңге жолдама алды. Асықтарыңыз алшысынан түсе берсін өрендер!
https://inzhigul-akt.kz/kz/tkizilgen-is-sharalar/261-balaba-sha-b-ldirshinderi-asy-ojnady.html#sigFreeId96168e0f9d






